Жүрегім мені мазалап,
Бұйырды қатаң сүюге.
Махаббат деген ғажап-ақ
Қорқамын бірақ күюге!
Жүрегім мені мазалап,
Бұйырды қатаң сүюге.
Махаббат деген ғажап-ақ
Қорқамын бірақ күюге!
Қыс қайтып, көктем шықты. Ұзақ ұйқыдан оянғандай жерімізге жан бітіп, өмір қайта басталды. Жаны нәзік әйелдер қауымы да қыр гүліндей құлпырып шыға келді. Сол себептен болар, көктемнің алғашқы айы тек әйелдерге арналғандай…
Расында, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні біз үшін ерекше мереке. Себебі бұл күні еркектер қауымы бізді барынша еркелетіп, алақанында аялайды. Сонымен қатар, сыйлықсыз да қалмаймыз.
Жасыратыны жоқ, әйелге күнде сыйлық сыйлап, оның иығынан шаңын қағып жүру біздің еркектерге жат қылық. Ондай адамдарға өзіміз де ерсі қараймыз. Өйткені менталитетіміз басқа. Бірақ 8 наурызда әкеміз бен ағаларымыз, інілеріміз бен достарымыз, әріптестеріміз мерекемізбен құттықтамаса іштей ренжіп қалатынымыз тағы бар.
Әлі есімде оқушы кезімде-ақ «Сыйлыққа не алады екенмін?» – деген оймен наурыз айын тағаттана күтетінмін. Мені ғана емес, барлық сыныптас қыздың да ойын осы сұрақ мазалайтын. Әсіресе, бастауыш сыныптарда қызық еді. Ұлдардың «Халықаралық әйелдер мерекесіне» дайындалып жүргені бірден білініп қалатын. Сабақ біткеннен кейін сынып жетекшіміз: «Ұлдар қалыңдар, ал қыздар үйлеріңе қайта беріңдер», – деп айтқанда «жігіттеріміздің» көзі: «Көрдіңдер ме? Біз апаймен жеке сөйлесеміз. Ол сендерге арналмаған құпия», – дегендей жалт-жұлт ететін. Келесі күні де олар жиналып алып сыбырласқан сайын біздер, яғни «мереке иелері» бір-бірімізге көз қиығымызбен қарап: «Мыналар біз үшін әлек болып жүр ғой», – дегендей жымыңдап қоятынбыз. Сынып жетекшіміз де ол туралы ләм-мим деп аузын ашпайтын. Сондықтан ұлдар олардың соншалықты жасырынып неге дайындалып жүргенінен бізді расында бейхабар деп ойлайтын. Біз де білмейтіндей: «Сыбырласпай не болғанын айтсаңдаршы?» – деп арасында сызылатынбыз әлгі жерде. Сөйтіп жүріп барлығымыз аңсаған сол мерекеге орай өтетін шараға дайындаламыз. Әйтеуір не керек, күндердің күнінде сары күздей сарғайып күткен шарамыз басталады. Біріншіден, әдеттегідей аналарымызды құттықтап, оларға еңбек сабағында қолымызбен арнайы жасаған сыйлығымызды ұсынамыз. Одан кейін шараға қатысып отырған ұстаздарды, сынып жетекшімізді құттықтаймыз, ән салып, би билейміз. Сол уақытта ұлдар жағы сөмкелерін ақтарып, абыр-сабыр бола бастайды. Ішіндегі пысықтары сыйлықтарын алдын ала сөмкелерінен алып дайындап қойған. Ол уақытта ақша жинап, барлығына бірдей сыйлық алу деген жоқ, әркімнің сыйлығы әртүрлі. Яғни кімге қандай сыйлықтың бұйыратыны бізге де қызық еді. Бірақ біз бірінші сыныптан-ақ өз таңдауымызбен сыйлықты кімге сыйлап, кімнен алатынымызды белгілеп алғанбыз. Сондықтан жаңағы абыр-сабырдың арасынан әркім көзімен өзіне белгіленген сыныптасын іздейтін.
Маған белгіленген Асқар есімді сыныптасым елден ерекше түрлі-түсті үлкен «пакет» көтеріп келетін. Оның ішінде не жоқ дейсіз?.. Өшіргіш, дәптер, сағыз, қалам сияқты ұсақ-түйектің бәрі бар. Себебі Асқар сыйлығым ұнасын деген ниетпен мектепке жақын жерде ұсақ-түйек сататын әпкесінің дүкеніндегі әр затының бір-бір данасын пакетке сала береді екен. Әпкесі сататын тауар түрі көбейген сайын менің алатын пакетім де жыл сайын ауырлай түсті. Осылайша мен бастауыш сыныпты бітіргенше 8 наурызда сыйлыққа қарық болатынмын. Өз кезегімде мен де оған жақсы сыйлық жасауға тырысатынмын. Сөйтіп, бірімізді-біріміз қуантып жүре беретінбіз. Басқалары да алған сыйлықтарына риза болып, алғыстарын айтып жататын. Міне, балалық шағымдағы 8 наурыз – әйелдер мерекесі осылайша есте қалды.
Бір ерекшелігі, оқушы болсақ та біздің арамызда бір-бірімізге кітап сыйлайтын жақсы үрдіс болатын. Өкінішке қарай, бүгінгі оқушылар ол үрдісті жалғастыра алмаған сияқты. Себебі, жасыратыны жоқ, қазіргі жастар кітапқа қызығушылық танытпайды. Сондықтан оқушылар біреуден сыйлыққа кітап алса, оны мектептен шығып бара жатып тастай салудан тайынбайды. Оған өзім де талай куә болған едім. Сыйлықтың үлкен-кішісі болмайтынын, ең бастысы көңілден өшпей, риясыз ықылас екенін олар қайдан білсін…
Тәуелсіздік алғанға дейінгі уақыт халқымыздың ой-санасында өзіндік із қалдырды. Соның салдарынан, жасыратыны жоқ, бірқатар замандастарымыз әлі күнге дейін жалтақтықтан арыла алмай, біріншіден, ана тіліміздің, екіншіден, салт-дәстүріміздің, үшіншіден, ұлттық тәрбиеміздің аясының тарылуына ықпал етіп отыр деуге болады. Себебі олар ұлттық тәрбиенің маңызын түсінбестен өркениетті елдерге еліктеп, балаларына «ғаламдық тәрбие» беруге тырысады. Оның нәтижесін күнде көзімізбен көріп те, естіп те жүрміз.
«Ғаламдық тәрбиенің» салдары
Бірінші болып жаһандану өзгерісіне бой алдыратындар – жастар. Олар ұлттық тұрғыда тәрбие алмаған соң ұлттық дәстүрге де онша мән бере бермейді. Өкінішке қарай, осылайша қазақы мінезден біртіндеп алыстап бара жатқан жастар аз емес. Сөзімізге дәлел – қазір кейбір жастар көшеде, жол үстінде тұрып сүйісуден ұялмайды. Ал айналасындағыларға тіпті мән бермейді, оны көріп өзіміз ұяламыз. Бұрындары көшеде бұлай сүйіспек түгілі қол ұстасып жүрудің өзі ерсі көрінетін еді. Ал қазір олар бір-біріне сезімін жалаңаштап «сүйдім, күйдім» деп жұртқа жар салып жатады. Мұндай кезде Абай айтқан «ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» дейтін махаббат қайда қалды екен деп ойлайсың.
Мысалы, бүгінде «Валентин күні» қажет емес деп қанша жазылып жатса да, ол жастар арасында жаппай аталып өтіледі. Кейінгі кезде қазақтың ғашықтар күні «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деп те аталып жүр. Дегенмен, «Валентин күні» мұнымен ұмытылған жоқ. Керісінше, жылдан жылға кең етек жайып барады. Ал бұл күндері тіпті кез келген жерде жастар құшақтасып, сүйісіп тұрады. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ көптен ұялғандардың дауысы басқалармен салыстырғанда мүлдем естілмейді. Осы жерде қазаққа «ғашықтар күнінің» қажеті бар ма деген сұрақ туындайды.
Иә, жүректегі сезімді сыртқа білдірмеу – қазаққа тән мінез. Алайда, «ғаламдық тәрбиенің» жастарды осы мінезден айырып жатқаны ішті удай ашытады.
Қыз намысы
Ата-бабаларымыз қызды ару деп ардақтап, болашақ ана деп аялап, оған үлкен құрмет көрсеткен. Ақындар болса, қыздарды ғасырлар бойы жырына арқау еткен. Сондықтан халық санасында «қыз – қонақ», «қызды құрметтеу керек» деген ұғым қалыптасқан. Мұндай құрметке сай болып, ата-ананың атына кір келтірмеу үшін қыздар да намысына тырысып, ар-ұяты мен тазалығын сүттің қаймағындай сақтаған. Абыроймен тұрмысқа шығып, Домалақ ана сынды ел анасы атанғандар да көп болған. Ал көшеде жігітпен сүйісіп жүрген қазіргі қыздардың бойынан мұндай намысқойлық, ибалық, инабаттылықтың иісі де сезілмейді. Оны сезінген ойы бұзық жігіт қыздың ел алдындағы абыройын ойламайды, әрине. Осылайша ойнап жүріп от басқан қаракөздеріміздің жігітке алданып, жүкті болып қалған жағдайлары бұл күнде таңсық емес.
Адамгершілік қасиеттер адам бойына ана сүтімен дариды. Ал мұндай намысы жоқ қыздар ертеңгі күні қандай ана болады? Олар балаларына қандай тәрбие береді? Ұлт зиялыларын алаңдататын, міне, осы жағдайлар.
Жастар өздері туралы
Тақырыпқа орай жастардың да пікірін білуді жөн көрдік. Енді осыған назар аударсаңыздар.
Назерке Садықова, ЖМУ-дің І курс студенті:
– «Нағыз махаббат иелері сезім жайлы әр бұрышта айқайламайды. Олар қарапайым, ұялшақ. Бірақ құлағы барлар естиді, көзі барлар олардың махаббатын көреді», – деп орыс жазушыларының бірі айтқан екен. Сол сияқты мен де жұрттың көзінше құшақтасып, сүйісуді ғашықтық деп есептемеймін. Бұл махаббат деген мөлдір сезімді аяқасты етумен тең.
Бақтияр Бақтыбаев, жас маман:
– Әлбетте, бұл қоғам болып шешетін мәселелердің бірі. Тапа-тал түсте көпшілік орында бір-бірін жаңа көргендей құшақтасып, құшырлана аймаласқан құрдастарымызды көргенде кірерге жер таппай ыңғайсызданамыз. Бұл, біріншіден, олардың мәдениетсіздігін, екіншіден, физиологиялық құмарлығын ауыздықтай алмайтын психикасында ақаулығының барын білдіреді. Ал жөні дұрыс адам қанша ғашық болса да сезімін бүге білуі керек. Әсіресе, жұртшылық алдында.
Самал Елеубекова, ІV студенті:
– Қазіргі кезде жастар тіпті оқу орнында бір-бірімен құшақтасып тұрады. Расын айту керек, дәріс берушілердің өзі оларға бірдеңе деп айтуға ұялады. Ал олар, керісінше, ерлік жасағандай басын тік көтеріп жүреді. Сайып келгенде мұндай қылық үйдегі тәрбиенің жетіспеушілігінен деп ойлаймын.
Өзім көпбалалы отбасынанмын. Ата-анам теледидардың өзінде біреу құшақтасып жатса, теледидарды өшірткізіп тастайтын. Сондықтан ешкім бізге нақты айтпаса да жұрттың көзінше құшақтасып, сүйісудің ұят екені санамызға жатталып қалды.
Түйін орнына:
Байқап отырғанымыздай, жастардың өзі құрдастарының қылығына ұялады. Өйткені бұл қазақ менталитетіне жат. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ақырзаман боларда адамдар көшеде тұрып зина жасайды. Сонда адамдардың ең тақуасы: «Қуысқа барсаңдаршы», – деп айтады екен», – деген. Демек, қазіргі жастардың көшеде құшақтасып, суйісуінің өзі ақырзаманның бір белгісі болмаса дейміз. Өйткені бұл да зинаның бір түрі емес пе?.. Егер жағдай бұлай жалғаса берсе, ертең көшелеріміздегі көріністің қандай боларын тіпті көзге елестету қиын. Әдеп, иман – ұлттық иба белгісі, соның жоғалмауына бәріміз болып атсалысқанымыз жөн шығар тегінде.
Ертең дүйсенбі, яғни жұмыс күні. Бала кезімде жұмыс істеймін дегендер маған сондай қызық көрінетін. Ал қазір өзім де сол кісілердің ортасында жүрмін. Оқушы кезімде «Қашан мектеп бітіремін? Қашан үлкен кісілер сияқты жұмысқа асығып жүретін боламын?» деген сұрақтар жиі ойландыратын. Бірақ мұның бәріне жету үшін көп уақыт кететіндей көрінді. Қарап отырсам, содан бері көп уақыт өтпеген де сияқты. Кезегімен өмірімде айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Бәрін де жақсы қабылдап, оған тез бейімделуге тырысамын. Өйтпесем ашық аспан астында өз орнымды табуым қиынға түсетінін түсіндім. Бұл жолда ата-анамның көмегі үлкен ықпал етті десем мақтанғаным емес.
Өмірдегі өзгеріс. Балалық шағымда, неге екенін білмеймін, мен одан қатты қорқатынмын. Сыныптан сыныпқа ауысқанымның өзі мен үшін үлкен оқиға еді. Бір күні мектепті бітіріп, келесі қыркүйекте мектепке қайта оралмайтыным жүрекке қорқыныш ұялататын. Бірақ өзгерістен ешқайда да қашып құтыла алмайды екенбіз…
Туған ауылым, бірге өскен достарым, көршілерім… Бәріміз бір сарында өмір сүріп жаттық. Айт күндері балалармен жиналып, апалардың үйлеріне баратынбыз. Әр үйге үлкен бір міндетті атқарып жүргендей кіріп, әңгімелесіп, бауырсақ пен айранға тойып шығатынбыз. Құдды бір делегация секілді. Марқұм Әнипа апаның артымыздан күліп қарап тұрғаны да әлі есімде.
Қабырғалас көршіміз Раушан апайдың гүлдері ең әдемі еді. 1 қыркүйек күні әдейі ерте тұрып, бәрімізге бір-бір шоқ гүлдерін жинап беретін. Оған үйренген біз жыл сайын білім күні Раушан апайдың жанында кезегімізді күтіп жүретінбіз.
Иә, балалық шағымның әр күні түрлі қызықтарға толы болатын. Ештеңе де өзгермейтіндей болып көрінді.
Күндердің бір күнінде Зәуреш апа мен Елібай аталар көшетін болды. Көршілердің барлығы жиналып шығарып салуға жиналдық. Зататарын жинап жатып, жанұясымен түскен ескілеу суретін тауып алдым. Ападан сұрап едім «Естелікке ала ғой», – деп бере салды. «Естелікке» деген сөзін естігенде, апамды енді тек суреттен ғана көретінімді түсіндім. Көзіме жас толып кетті. Жасымды жасыру үшін үйіме қарай жүгіріп кеттім. Бөлмемнің есігін жауып алып, қатты жылағаным есімде. Олардың көшіп кетіп бара жатқанын көруге жүрегім шыдамады.
Әрине, басқалардың өміріндегідей одан бері менің де өмірімде талай өзгеріс болды. Бірі мұңайтса, бірі қуантты… Бала кезімдегі көрші апа мен атамның көшіп кеткені сол өзгерістердің алды ғана екен. Түсінгенім, әрқашан алға батыл қадам басу керек. Ал жүректегі күдікті болашаққа деген үмітпен жұбата білген жөн.
Соңғы кезде дін жолына түскендердің саны көбейіп келеді. Мысалға алып қарасаңыз, кез келген отырыста құран оқитын, діни сауаты бар жас жігіттер мен қыздарды көріп жүрміз. Олар отырған дастарқанға ұлы «орыс халқы» үйреткен арақты да қою ұят. Үйреніп қалғандардың мұрны қышып бара жатса да кейбір үй иелері дастарқанға тіпті қоймай да жүр. Бұған қарап «Ішімдік қоймаған – сыйламағандық» деген түсініктің біртіндеп ескіріп бара жатқандығын байқаймыз.
Ораза айында ауыз бекітіп, бір-бірімізді ауызашарға шақырып жатамыз. Таңертең таңғы сәреңізді ішу үшін тұрып терезеге қарасаңыз бірталай үйдің шамы жанып тұрады. Ал Қадыр түні мешітке адам сыймай кетеді. Әрине, жетпіс жыл бойы атеистік идеологияда өмір сүрген елдің ішінде діннің мұндай белең алуы, әсіресе, жас буынның имандылыққа бет бұрғаны өте қуантарлық жай.
Бірақ сол дін жолын ұстанғандардың айтқаны істеген ісімен сай келе ме? «Молданың істегенін емес, айтқанын істе» деген екен деп, бәріне көзімізді жұмып отыра береміз бе? Көпшілікке топырақ шашып, анауың дұрыс емес, мынауыңды түзе дегеннен аулақпын. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» демекші, мен осы мақаламда намаздан бос уақытта дінге қарама-қайшы келетін іс-әрекет жасайтын адамдар жайлы сөз қозғамақпын.
Өткен жылы Алматыда жүргенде құрбымның үйіне қонаққа бардық. Әпкесі жылы жүзді қарапайым кісі екен. Кіргеннен бұрыннан бері танитын адамша әңгімесін бастап кетті. Сөздерінен кішкентай баласынан бастап намазға жығылғандарын білдік. Бізге де «Жамандықтан аулақ болыңдар»,- деп айтқаны жүрегімізге жылы тиіп жатты.
Не керек, сол күні әпкеміздің үйінде дін жайлы бірталай пікір алмасып, жақсы көңіл көтеріп қайттық.
Кейіннен сол әпкеміздің үйіне тағы бір қонақ болдық. Біртіндеп бетпердесін шеше бастаған апайымыз өсекке көше бастады. Туған сіңлісін өзімізге жамандап, көрші-қолаңдарының түгін қалдырмады. Аяғында:
- Өсек айтпаңдар! О дүниеде өсек айтқандарды ауыздық кигізіп, жүгіртіп қояды екен,- дегенін қайтесіз.
Жағамызды ұстап, ішімізден тезірек кетуімізді ойладық. Ары қарай одан да қызық болды. Жаңадан алған заттарын мақтанып көрсетіп жатып:
- Кеше көршіме бардым. Құдай сақтасын, үйінде түгі жоқ екен. Шошып кетіп мен оған «тфә-тфә, менің жағдайым сендерден қарағанда әлдеқайда жақсы екен ғой»,- дедім.
«Ойбай, әпке, сіз тура көзінше айттыңыз ба?» деген сұрағыма таңғалып:
- Айтқанда қандай! Бүгін таңертең «Мынау саған құдайы» деп үйдегі ескілеу киімдерді апарып бердім. Бәріміз де адамбыз ғой, бір-бірімізге көмектесіп тұруымыз керек, – дегені.
Иә, бәріміз де адамбыз. Жоқ екенін айтпаса да өзі білмейді емес, біледі ғой. Көршісінде дүние болмаса да намыс жоқ деп кім айтты? Оның үстіне «Құдайы» деп атап тұрып бергені – өзінің дәулеттілігін көрсетіп, өзгенің жоқшылығын бетіне басу емес пе? Не болса да әпкеміз мұны түсініп тұрған жоқ. Керісінше үлкен жақсылық жасадым деп қуанып тұрған сияқты.
Дастарқан басында:
– Қыздар, жерде жүріп адам көп қателік жасайды. Сондықтан намазға жығылыңдар. О дүниеде ол сендерге «очко» болады, – дегенде тіпті шашалып қала жаздадық.
Құдай-ау! Адамдар намазды да есеппен оқитын болған ба? Бұл деген Алланың өзімен «Мен саған намаз оқимын, сен менің қателіктерімді кешір» деп саудаласу емес пе? Біраздан соң «Ойбай, намаз оқуым керек», – дегенін пайдаланып, үйінен қашып шыққандай болдық.
Құрбымызға жанымыз ашып, бір-бірімізге айтар сөзіміз болмады. Мұндай адамдарды ешкім де, ештеңе де өзгерте алмайтын шығар. Тек тілейтініміз, оқыған намазы әпкемізге кішкене болса да сана берсе екен.
Ал екінші бір құрбым өзінің туыстары жайлы айтып бергенде одан бетер шошып кеттік.
– Мен Алматыға оқуға Оралдан келдім. Бұл қалада әкемнің қарындасынан басқа ешқандай туысымыз жоқ. Сырттай оқығандықтан жатақхана берілмейді ғой. Сондықтан әкем мені сол кісінің үйіне жіберді. Жағдайлары жаман емес, өте жақсы. Өздерінің жеке сауналарынан күніне бірнеше мың пайда түсіп жатады. Ақ лимузині мен үш қабат үйі бар. Үйінің тар болмағанына қуанып қалдым. Әйтпесе, қыстырылысып жатып алғаным ұят болар еді ғой. Бірақ жездем келгенімді жақтырмай, бірнеше күннен кейін «қашан кетесің?» дегенді бастады. Әпкем де жұмсартып: «Пәтер тапқаның тұрыс болар», – деді. «Әпкеме жездем сай» деген осы шығар.
Ол кезде әкем қатты ауырып жатқан. Тапқан-таянғанымыз дәрі-дәрмекке жұмсалатын. Қалтамда жолым мен тамағыма жететіндей ғана ақшам бар еді. Жалынып жатып, оқуымның аяғына дейін тұра тұруға рұқсат алдым.
Бір күні дін жолын таңдаған жездем қажылыққа анасын алып бара жатып маған «Мен келгенде сен бұл үйде болмайтын бол», – деді.
Е, Алла! Кейбіреулер бір бөлмелі үйінен туыс тұрмақ досқа да орын тауып жатқанда бұл кісілердің сонша тарылғандығына не себеп болды екен? Анасын қажылыққа апарғаны дұрыс-ақ, бұл іс барлық мұсылманның арманы. Бірақ қажылыққа адам оның ойыншық емес екендігін терең түсініп, таза жүрегімен бару керек сияқты. Мұндай адамдар елді алдаса да құдайды алдай алмайтындығын біледі ме екен? Бір күні бәріміз Алла тағаланың алдында есеп береміз. Сонда олар не дер екен?
Кез келген отбасының қызығы да, шыжығы да – бала. Бала – өміріңнің жалғасы, өзеніңнің арнасы. Оның әр қылығы шаршағаныңды басып, көңіліңе жылылық ұялатады. Дегенмен, мұндай қуаныштың барлық отбасында бола бермейтіні өкінішті-ақ, әрине. Әйел болып жаратылғаннан кейін өмірде баласыз өту ең үлкен бақытсыздық сияқты. Сондықтан да кейбіреулері бұл тағдырымен келіспей соңғы үмітін артып, әлемнің ең жақсы дәрігерлеріне, естіген емшілеріне барып емделіп жатады. Бірақ бәрінің жолы бола бермейді-ау. Ондай жағдайда басқа әйелдердің тастап кеткен баласын бауырына басып, бақытын тауып жатқандар да жоқ емес.
Міне, осы тақырып мен отырған бір топ жастардың ортасында қызу талқыланған еді. Сонда жанымызға жаңадан келіп қосылған бейтаныс қыз өз әңгімесін бастады.
– Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын. Әке-шешем өте балажанды, сондықтан біздің үйде өзге балалар да еркін жүре береді. Бірақ әкемнің әкпесі кейде анама келіп алып: «Бала туа бересің. Ертең оның барлығын қалай асырайсыңдар? Жан-жақтан бауырымды жеп қоятын болдыңдар»,– деп ұрыс шығарып кетеді. Таңғалатыным, анам оған осы күнге дейін шыдап жүр. Неге айтып тастамайсың десем: «Е, қызым, ол да қайбір жетісіп жүр дейсің? Жалғыз тұратынын білесің, ең болмаса жетектеген баласы да жоқ. Менің базарым – балаларымды көріп іші қайнамайды дейсің бе? Болмашы нәрсеге кінә артып ұрсысатыны – жанының ауыратындығын білдіргісі келмейді де»,– деп жауап берді. Шынында да ойланып қарасам, ол өте бақытсыз жан екен. Жолдасымен баяғыда ажырасып кеткен. Қызметі, үлкен үйі, бір сөзбен айтқанда барлық жағдайы бар, ал баласы жоқ. Кенже сіңлім дүниеге келетін кезде маған бер деп сұрапты. Бірақ анам әбден көңілі қалған адамға баласын қалай берсін?
Кішкентай кезімде мені де жанынан қалдырмайтын. Әсіресе, туған ауылына баламен барғанды ұнататын. Жолда келе жатып: «Біреу мені сенің мамаң ба деп сұраса, иә деп айта салшы»,– дейтін. Алдымыздан шыққандар міндетті түрде сөйтіп сұрайтын да. Өйткені мен оған қатты ұқсайтынмын. Мүмкін, сондықтан болар, мені ерекше еркелетіп, бар сұрағанымды алып беретін. Әйтсе де менің өз анам бар емес пе? Жазғы демалысым бітуге аз қалғанда ата-анамды, бауырларымды сағынып, үйге асығатынмын. Ал ол бір күнге болса да кешігуге тырысатын.
Бұрын жыным келсе де қазір жаным ашиды. Не дегенмен, әдемі зәулім үйінде жаны бар жалғыз өзі ғана ғой.
Иә, дүние бақыт болмайды. Әйел бақыты ана болу, сүйіктісінің жары болу. Өкінішке орай, қыздың әкпесі бұл қағиданы кешірек түсінген сияқты. Анасының айтқаны да рас. Кейбіреулері жанының жарасын жасыру үшін айналасындағыларға шабуыл жасайды. Бірақ олай істеу керек пе? Егер жағдайды өзгертпесе мүлдем жалғыз қаламын деп қорықпайды ма екен?
– Ал менің ағамның үйленгеніне он бес жыл болды. Орталарында балалары жоқ. Бірінші әйелінде ұлы қалған, бірақ анасы оны көрсетпейді,– деп Жандос та әңгімесін бастады.
– Бірде ағам екеуміз қалада кездесіп қалдық. Әдетте ол маған ешқашан сырын ашпайтын. Ішіне сыймай кетті-ау демін, сол күні алдыма бәрін жайып салды. – Ұлымды көргім келеді. Бірінші әйелім көрсетпеймін дейді, екіншісі барма дейді. Екі оттың ортасында не істерімді білмеймін. Естуімше, балам қатты ауырып қалыпты. Емдеуге қыруар ақша керек екен, ал кеселге кедергі болмаса кеш болатын түрі бар. Екінші әйелімнің туыстары мықты дәрігерлер. Егер олар қолға алса бірдеңесі болар еді. Соны айтып көрші десем, бедірейіп, саусағының ұшын да қимылдатқысы келмейді. Жасыратыны жоқ, өзі де бала көтере алмай жылап жүр. Балалар үйінен бала алайық дегеніме: «Мен біреудің баласын жақсы көре алмаймын. Қанының қандай екенін құдай білсін. Ертең басымызға бала емес, пәле болады»,– дейді. Сөйтіп, менің балама да жаны ашымады ғой. Мүмкін, мейірімі түсіп көмектессе, бір баланы бауырына басса, Алла тағала бізге де оң көзімен қарар ма еді? Қолымнан келер шара жоқ, жанымды қоярға жер таппай жүрмін,– деп сөзін аяқтады. Айтып отырып, көзіндегі жасын жасыра алмады. Соңғы кезде ішімдікке салынып кеткені де осы шығар деп ойладым.
Әрине, жеңгесі қорқатындай да бар. Қан адамға әсер етпей қоймайды. Дегенмен, тәрбиенің де маңызы зор. Тіпті шын пейілімен «асыранды» деп емес, «туғаным» деп бақса бала айнымаған әке-шешесі болып шыға келетіні сөзсіз. Ондайды талай көзіміз де көрді, естіп те жүрміз. Сондықтан бала асырап алғанда тұрған ештеңе де жоқ деп ойлаймын. Мұндайда, ең бастысы, тәуекелге бару керек сияқты. Өйткені екі жан бірін-бірі қанша сүйсе де етегінен тартып тұратын бала керек емес пе? Иә, онсыз отбасының бақыты баянды деп айту қиын-ақ.
«Мінбер» журналистерді қолдау орталығы Талдықорған қаласында «Қазақтілді ақпарат тәжірибесіне жаңа медиа технологияларын енгізу» тақырыбында екікүндік семинар-тренинг өткізді. Оған жаңа медиа технологияларын игеруге ниет білдірген жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Шараның өтуіне АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі қолдау көрсеткен.
– Біздің басты мақсатымыз – қазақтілді журналистерді интернет мүмкіндіктерімен кеңінен таныстырып, олардың жаңа медиа технологияларын игеруге ықпал ету. Өйткені, шынын айту керек, қазіргі журналистердің басым бөлігі интернеттен ақпарат алумен ғана шектеледі, – деп сөзін бастаған «Мінбер» қоғамдық қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы тыңдаушыларды алдымен қор жұмысымен таныстырды.
Келесі кезекте сөз алған Жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай:
– Жаңа медиа технологияларын кез келген адам қолдана алады. Ол үшін журналист болу міндет емес. Нәтижесінде «азаматтық журналист» деген термин пайда болды. Алайда, қазақтілді интернет мақалаларының сапалы болуы үшін журналистердің қосатын үлесі орасан зор, – деп тыңдаушыларды белсенділік танытуға шақырды.
Асхат Еркімбайдың айтуынша, қазақстандық интернет пайдаланушылардың қазақтілді интернетке деген сұранысы жоғары. Шетелдік қандастарымыз да бұған қызығушылық танытуда. Бірақ қазақтілді интернет басылымдары бұл сұранысты қанағаттандыра алмай отыр деген ойлар айтылды. Расында, жасыратыны жоқ, мемлекеттік тілдегі интернет басылымдары өте аз. Көбісі қағаз жүзінде басылып шығатын газет-журналдардың көшірмесі болып табылады. Сондықтан аталмыш мәселе шешімін тез табуды қажет етеді.
Семинар-тренингтің кіріспе бөлімі біткен соң тыңдаушылар Gmail тегін электронды пошта қызметінен электронды пошта ашып, оның мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, WordPress.com мекенінен әр тыңдаушы жеке блогын ашумен айналысты. Процестің ойлағандай қиын емес екенін көрген журналистер тіпті блогтарына жазбаларын жариялап та үлгерді. Осылайша семинар-тренингтің алғашқы күні өте қызықты өтті.